Page 64 - Microsoft Word - қазақ тілі оқулығы.doc
P. 64

БІЛГЕНІҢ АРТЫҚ БОЛМАС ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Ұлттық киімдер
 Жақы – ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы əрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен, құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.
Жақты тіктіру үшін қара, торы түсті құлын, тай, құнанды таңдап алып, арнаулы күтімде ұстап, түгі əбден жетіліп, жылтырағаннан кейін сойып, терісін сыдырып алып, илейді. Бір жақыға 4-5 тері кетеді.
Жақы тігу үшін құлыншақ жалын арқасына, екі иығына келтіріп
 пішеді. Жылы болу үшін оған арасына жұқа мақта салып, астарлайды. Жақыға басқа тері немесе мата қосылмайды, тек өз терісінен құрастырылып тігіледі.
Қазір ел арасында киімнің бұл түрі кездесе бермейді. Алаш көсемі, ақын, қоғам қайраткері М.Дулатов киген тайжақы қазір Торғай қаласындағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов атындағы əдебиет мұражайында сақтаулы тұр.
Шекпен– тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісіне пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады.
Шекпеннен су да, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Ол матадай емес, өте берік əрі жеңіл болады, тез тозбайды.
Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте əдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сəндікке киген.
Қазақта шен-шекпен деген сөз бар. Оның мағынасы тереңде жатыр. Өткен ғасырларда қазақ елін отарлаған орыс жымысқылары елді, жерді бөліп, болыстар тағайындап, оларға шен тағайындап, белгі беріп, шекпен (шапан) кигізген. Осыдан барып шен-шекпен киген деген теріс ұғым пайда болған. Оған ұлы Абайдың «Мəз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың шенді шекпен жапқанға» деген сөзі куə.
Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігілетін жылы əрі қарапайым киім. Күпі жеңіл əрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан, мұны бұрынғы қазақтардың бəрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.























































































   62   63   64   65   66