Page 4 - китап копия
P. 4
Кіріспе
Қазақ халқы рухани зор байлықтың мұрагері. Бұрындары қазақ отбасы үш буын
өкілінен тұрған, ата-әже, ата- ана және бала. Бұлардың әрқайсысы отбасы жылуын,
бірлігін, ұрпақ өрбуін, тектілікті сақтаудың жолында өзіндік қызмет атқарып отырған.
Яғни, әдептілік, мейірім, тілалғыштық, адалдық пен шыншылдық, білгірлік, үлкенді
сыйлау, кісілікті сақтау, қиянат жасамау тәрізді тәрбие нормалары «дала заңдарына»
бағындырылып, ешбір нұсқаусыз-ақ орындалып отырған. Қазақ отбасындағы ұрпақ
тәрбиесіндегі келеңсіздіктерді Бауыржан Момышұлы «Жаудан да, даудан да қорықпаған
қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Біріншіден, балаларын бесікке бөлемеген,
бесігі жоқ елден қорқам. Екіншіден, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан
қорқам. Үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш
берсең, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала
жоқ, үйретіп жатқан ата, әже жоқ» - деген екен. Осы айтылғанға ой жүгіртсеңіз, қалың
ойға бататынымыз әбден ақиқат. Оқу құралында берілген көркем дүниелер үлкендер
көмегімен бала жадына сіңуіне ықпал етеді деп ойлаймын. «Баланың ойынын тыйма,
ойын тыясың!» деген екен аталарымыз. Ойната отырып ойландырған, ойландыра
отырып ойнатқан бабамыз қандай дана еді. Баланың мәжбүрлі түрде білім алуы мүлдем
мүмкін емес дүние. Білім көкірекке байланбаса одан не қарекет, не нәтиже күтуге
болады?! Еш пенде өз баласының тәрбиесін «осал» деп танымайды. Баласына сүбелі
білімді бар адам баласы сіңіргісі келеді. Ал оның бірден – бір жолы адамдықтан
басталатыны даусыз. Адамдық пен адалдық еңбекпен келеді. Баласын шаруаға жұмсап
ойнатқан, ойнаған баласын ойландырған, еңбекпен тәрбиелеп есін кіргізген, есті етіп
есігінің тұтқасын ұстатқан дана халық өз қоржынында ғылымның қай саласының да
негізін, ақиқатын ұстаған. Әдістемелік құрал ұлтымыздың ұмыт бола бастаған қилы
жұмбақ есептері мен тілдік дамыту сабақтарының үлгілерімен ұштасады. Жұмыс мазмұны
әр қилы болып, үлкендер әрі балаларға ертегі оқып, әрі жұмбақ шешіп, әрі тіл ұстартып
және есептей отырып қазақы өлшемдерді құлаққа құйып түсіндіре алады. Сонымен бірге
бұл өлшемдерді айта отырып,біздің қазіргі өлшемдерімізге шамамен ғана
жуықтайтындығын ескерген жөн. Өйткені, бұрындары тұрмысқа қажетті өлшемдер қолда
бар заттармен немесе адамның өз дене мүшелерінің шамалық өлшемдеріне сүйенгенін
түсінеді. Қазір заман басқа, бұрын қандай еді ... деп өткен кезеңді аңсай бермей,
балаларға, жастарға өкпелемей жанымызға жақын тартып, үлкендігімізді көрсетіп жол
салатын кез келді- ау, сірә ... Қашанға дейін арқадағы жүкті арқалап жүрмекшіміз, жүк -
жүріс ұзаған сайын ауырлай түседі. Сол себепті білгенімізді өзіміз арқалап әкетпей,
барымызды балаларымызбен бөліскеніміз жөн деп есептеймін. Сонымен қатар бұл
жұмысты танымдық этнографиялық дүние деп қарастырған жөн, өйткені үлкендер де,
кішілер де ұмытылып бара жатқан құнды ұғымдарға бойлай алады.
Құс - ұшсам дейді.
Бала – өссем дейді.
Қыз – көрікті болсам дейді.
Жігіт – жүректі болсам дейді.
Қарт – жүзге келсем дейді.
Ұстаз- шәкіртіме үлгі болсам дейді.
Арманына адаспаған жетеді,
Ақымақ бұл өмірден бос өтеді.

