Page 5 - ҚАЗАҚ ТІЛІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА
P. 5
Алғы сөз
Құрметті оқушы! 5-сыныпқа қош келдің!
Міне, біз өзіңмен мектептің жаңа сатысында, негізгі мектеп
сатысында кездесіп отырмыз. Негізгі мектеп – кеше ғана өзің
аяқтаған бастауыш сыныптың жалғасы. Сондықтан өзге де
оқу пәндері секілді «Қазақ тілі» пәнінде де сен осыған дейін
алған білімдеріңді, меңгерген сөйлеу дағдыларыңды кеңейтетін
боласың.
Жас досым! «Қазақ тілі» сабағының ең басты мақсаты – ана
тіліңнің сан алуан сыры мен қырын үйретуге, сөйлеу шеберлігіңді
арттыруға, өз ойың мен пікіріңді, көзқарасыңды өтімді етіп айта
білуге қызмет ету. Тіл туралы, өзіңді қоршаған әлем туралы
біліміңді арттыруға, білігіңді шыңдауға көмектесу де осы пәннің
басты міндеттеріне енеді.
Білім – осынау шексіз ғаламды, қоршаған дүниені танудың
кілті. Ал тіл – сол білімді меңгерудің құралы. Егер дүниені
тану үшін адамға білім керек болса, сол білімді ана тілің ар-
қылы жинайсың. Тіл арқылы өткеніңді танисың, бүгініңді баға-
лайсың, келешегіңді болжайсың. Тіл арқылы ата-бабаңның
құнды мұраларымен танысасың, қарыштап дамып бара жат-
қан заманауи ғылым жаңалықтарынан хабардар боласың,
аңызға бергісіз ғажайып ақиқаттар туралы ақпарат аласың.
Тіл ар қылы халқыңның әлемде баламасы жоқ салты мен дәс-
түрлерінің мәнін түсінесің. Ұлтыңның ұлы қасиеттерін бойыңа
сіңіресің. Сондықтан «Қазақ тілі» сабақтары сенің тіл ту ра лы
дүниетанымыңды қалыптастыруды көздейді.
5-сыныпта сөйлеу дағдыңды қалыптастыруға қатысты тілдегі
үндестік заңы, орфоэпия мен орфография, сөз мағынасы, сөз
байлығы, зат есім, сын есім, төл сөз, төлеу сөз және т.б. та қы-
рып тар бойынша қысқаша мағлұмат беріледі. Ол тақырыптар
саған сөзді талғаммен жұмсаудың қажеттігін сезіндіруді, ойыңды
бе дерлі етіп жеткізудің жолдарын меңгертуді көздейді. Мысалы,
тіл дыбыстары, екпін, буын түрлері, интонация туралы білімдер
қазақ тілінің әуезділігін, саздылығын тануыңа, мәнерлі сөйлеу
біліктілігін игеруіңе ықпал етеді деп сенеміз. Ал сөзді дұрыс әрі
орынды жұмсауға үйрену болашақта шешен әрі шебер сөй леуге
жетудің шарты әрі кепілі болмақ.
«Қазақ тілі» әлеміне басқан қадамыңа сәттілік тілейміз, жас
дос!
Авторлар
3