Page 40 - китап копия
P. 40
Қырғауылы қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.
Қырғауылы қырқылдап,
Жалтыр мұзға сыртылдап,
Алшая келіп қоныпты,
Шаты айырылып қалыпты.
Қисая жатып қырғауыл,
Сонда мұздан сұрапты:
- Мұз, мұз, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, бауырымды жаңбырға тестірмес едім.
- Жаңбыр, жаңбыр, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, жерге жұтқызар ма едім.
- Жер, жер, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, көк шөпке бауырымды жардырмас едім.
- Көк шөп, көк шөп, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, көк тоқты мойнымнан жұлқымас еді.
- Көк тоқты, көк тоқты, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, көк шұнақ қасқырға құйрығымды жұлқытпас едім.
- Қасқыр, қасқыр, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, көк мылтыққа құйрығымды ойдырмас едім.
- Көк мылтық, көк мылтық, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, қоңыр шолақ тышқанға білтемді қидырмас едім.
- Тышқан, тышқан, сен неден күшті болдың?
- Мен күшті болсам, құмырсқаға інімді алдырмас едім.
- Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?
- Алты батпан ауырды арқалаған күштімін,
Жеті батпан ауырды желкелеген күштімін,- деген
екен құмырсқа.
Құмырсқа өз салмағынан 150 есе
артық жүкті көтереді екен. Ертегідегі айтылған алты батпан мен
жеті батпан шындыққа қаншалықты саятынын өзің бағамда.

