Page 19 - ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА. СҮГІРБЕКОВА А.І.
P. 19

Кендебай: «Айырылғырдың суы айырыл!» – деген екен, өзен­
                нің суы екіге айырылып, ортадан жол ашылады...
                    Сөйтіп Кендебай мал бағып жүре береді.

                                           Хан мен балалары


                    Күндерде бір күн хан өзінің екі баласын шақырып алып:
                    – Бүгін қара бие құлындайды. Бұл – тоғызыншы құлындауы.
                Құлындаған күні түнде құлын жоқ боп кетеді. Бүгін осы биені
                өздерің күзетіңдер. Не болғанын көздеріңмен көріңдер, – дейді.
                    Мұны Кендебай естіп тұрады.
                    Кешке  ханның  екі  баласы  күзетке  барғанда,  Кендебай  да
                жасырынып барып отырады. Біраздан кейін ханның екі баласы
                қорылдап ұйықтап қалады. Кендебай ұйықтамай отыра береді.
                    Таң біліне берген кезде, бие алтын құйрықты, құндыз жүнді
                арғымақ құлын туады. Бір кезде аспаннан бір бұлт түйіліп келеді
                де, құлынды ала жөнеледі. Кендебай шап беріп құйрықтан ала
                түседі. Кендебайдың қолында алтын құйрық жұлынып қала бе­
                реді. Кендебай алтын құйрықты қойнына тығып, ұйықтап қалады.


                                           Кендебайдың ерлігі

                    Ертеңіне таң сәріден хан екі баласын шақырып алып, не көр­
                гендерін сұрайды. Балалары:
                    –  Бие  құлындаған  да  жоқ,  еш  нәрсе  болған  да  жоқ,  –  деп
                жауап береді.
                    Хан тағы таңғалып отырғанда, Кендебай есіктен кіріп келіп:
                    – Дат, тақсыр, – дейді.
                    – Датың болса, айт! – дейді хан ақырып.
                    – Мен айтсам, бұлардың айтып отырғаны – өтірік. Бұларға
                көрінбей, биені мен де күзеттім. Түн ортасы кезінде екі балаңыз
                ұйықтап қалды. Таң алдында бие алтын құйрықты, құндыз жүнді
                құлын туды. Аспаннан бір бұлт түйіліп келді де, оны көтеріп ала
                жөнелді. Мен құйрықтан шап беріп ұстай алдым. Бұлтпен ара­
                ласқан үлкен дәу құлынды алып кетті де, құйрық менің қолымда
                қала берді дегенде, сөздің аяғын күтпей:
                    – Құйрық қайда? – дейді хан.
                    – Тақсыр, сабыр етіңіз. Мен алтын құйрықты пайда қылғым
                келсе, сізге айтпаймын ғой, міне, құйрық, – деп Кендебай құй­
                рықты қойнынан суырып алғанда, үйдің іші жап-жарық болып
                кетеді. Ханның балалары ұялып, жерге қарайды.

                                                   18
   14   15   16   17   18   19   20   21   22   23   24