Page 20 - ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА. СҮГІРБЕКОВА А.І.
P. 20

– Қазір үшеуің іздеп шығып, құлынды тауып келіңдер. Таба
        алмасаңдар, менің маңымды көрмеңдер! – дейді хан.
            Кендебай өзеннен өтіп, Керқұланың қылын тұтатқан кезде ат
        жетіп келеді. Керқұла атты мініп алып, қару-жарақты асынып
        алып,  сауыт-саймандарды  киіп  алып,  Кендебай  жөнеп  береді.
        Кендебай жолда әлденеше қиыншылыққа кездеседі...
             Әуелі бір үлкен тау көрінеді. Тау теңселіп, қозғалып, оған
        қарай жақындап келеді. Бұл – жеті басты дәу екен...
            Кендебай  қолына  жүз  батпан  шоқпарын  алып,  Керқұла
        аттың  барлық  шабысымен  дәуге  қарсы  шаба  жөнеледі.  Көзді
        ашып-жұмғанша ағып бара жатып салып кетеді. Дәудің бір басы
        ұшып түседі. Кейін қарай шауып тағы да соғып өткенде, екін­
        ші  басы  ұшып  кетеді.  Осылай  ерсілі-қарсылы  жеті  өтіп,  жеті
        соққанда, жеті басы бірдей ұшып кетіп, дәу төңкеріле құлайды.
        Кендебай дәудің көзін ойып, қоржынға салып алады.
            Бір кезде алыстан арыстанның ақырған дауысы естіледі. Ілгері
        екі-үш аттағанда, бір леп Кендебайды тартып ала жөнеледі. Бір
        уақытта Кендебай арыстанның апандай аузын көреді. Кендебайды
        тартып  жатқан  соның  лебі  екен.  Кендебай  алты  құлаш  алмас
        қылышын көлденең ұстай қояды. Алмас қылыш арыстанды екі
        бөліп, Кендебайды ар жағынан бір-ақ түсіреді. Кендебай арыстан­
        ның азуын қағып алып, қоржынға салады.
            Ақыры  Кендебай  алтын  құйрықты  құлынды  тауып  алып,
        аман-есен ханның үйіне қайтып келеді...
            Хан қуанып, үлкен той жасайды. Той үстінде түк таба ал­
        май сандалып, мойындары ырғайдай, сирақтары шидей болып,
        азып-тозып  ханның  екі  баласы  келеді.  Хан  Кендебайды  төрге
        отырғызып, оның аты-жөнін сұрайды.
            – Мен хан баласы емеспін, адам баласымын. Өз атым Кенде­
        бай, ел мені Керқұла атты Кендебай деп атайды. Сіздің еліңізге
        ерігіп келгенім жоқ, жұмыспен келдім. Рұқсат болса, айтайын, –
        дейді Кендебай.
            – Айт, айт, балам! – дейді хан.
            – Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің жорықшыларыңыз елімізді
        шауып кетіпті. Малымызды айдап, қолға түскен батырымызды
        байлап алып кетіпті. Сол батырды босатып әкетпек болып келдім.
            Хан:
            – Сенің алдыңа қоятын бір шартым бар. Ол мынау: дүниеде
        жеті  басты  дәу  бар,  ақырған  арыстан  бар.  Осыларды  өлтіріп,
        бастарын алып кел. Осыны орындасаң, батырыңды босатып бе­
        ремін, – дейді.


                                                   19
   15   16   17   18   19   20   21   22   23   24   25