Page 16 - ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА. СҮГІРБЕКОВА А.І.
P. 16
атыпты. Құралайды көзінен тигізген мерген болыпты. Арқар мен
киікті, құлан мен маралды мая-мая үйіп тастапты. Қарасудың
бойындағы жыртық үйлі кедейлер қарық болыпты да қалыпты.
Күндерде бір күн Кендебай аң аулап жүрсе, Қаратаудың ойында,
терең құздың бойында арыстандай көкжал бөрі бір буаз биені
жаңа ғана жарып, жегелі жатыр екен. Кендебай жүгіріп барып,
көкжалды құйрығынан ұстай алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп
жіберіпті. Қасқыр арс етіп, аузын қисаңдатып, өліпті де қалыпты.
Кендебай қасқырдың терісін сойып алып, биенің қасына келсе,
бие жанталасып өлгелі жатыр екен. Кендебай алмас қанжарымен
биенің қарнын жарып жіберіп, құлынын суырып алыпты. Арыс-
тай еркек құлын екен. Кендебай құлынды үйіне алып қайтыпты,
оны құланның сүтімен асырапты.
Құлын сағат сайын емес, минут сайын өсіпті. Алты айдың
ішінде алты кез ат болып шығыпты. Аттың түсі керқұла болыпты.
Кендебай Керқұланы үйретіп мініп, түн қатып жүріп аң аулапты.
Керқұла қуса жетіп, қашса құтылатын, аузымен құс тістеген өрен
жүйрік болыпты.
Кендебай және қойшы бала
Кендебай аң аулап, ел аралап жүре беріпті. Ол мейлінше қа-
йырымды болыпты: жылағанды жұбатыпты, қысылғанға жәрдем
беріпті. Өзімдікі дегенді білмепті, жатсынуды сүймепті. Табысына
бүкіл ел ортақ болыпты. Керқұла атты Кендебай батыр атанып,
әлемге аян болыпты.
Күндерде бір күн Кендебай аң аулап, алысқа ұзап кетіпті.
Кетіп бара жатып, қозы бағып жүрген бір балаға кездесіпті. Бала
еңіреп жылап жүр екен. Кендебай жетіп келіп:
– Көзің жасты, көкірегің қайғылы неткен жансың? – деп
сұрапты.
Баланың басы таз, киімі өрім-өрім екен.
– Ардақтаған анаңды алса, төгілмей ме ырысың. Асқар таудай
әкеңді алса, көрген күнің құрысын! – деп бақырып қоя беріпті
бала.
– Не болды? Жөндеп айтшы? – деп сұрапты Кендебай.
Бала көзінің жасын көл қылып, ауыр бір күрсініп алып, бы
лай деп жауап беріпті:
– Мен Мергенбай деген батырдың жалғыз баласы едім. Қазір
алтыға шықтым. Биыл төртінші жылы елімізге жау тиіп, жылқы
15