Page 58 - ҚАЗАҚ ТІЛІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА
P. 58
«ешкімге қиянат жасама, біреудің мал-мүлкін ұрлама» деген
терең мағынаны білдіреді. Біреудің «мен ешкімнің ала жібін
аттаған жоқпын» деген сөзі оның ақ-адалдығын сездіреді.
Асар. Бір отбасының қолынан келмейтін күрделі жұмыстарды
атқару үшін бір ауылдың адамдары «асарға» шақырылады.
Мысалы, үй көтергенде, егін салғанда, оны жинағанда, шөп
шабу сияқты көлемді, ауыр жұмыстарға шақырылады. Асарға
шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы алмайды. Оның есесіне
асарға шақырушы адам қолғабыс тигізуге келгендерге арнап
мал сойып, мол дастарқан жаяды. Асар – қазақ елінің ұжымдық
топта жұмыс істеуінің үлкен бір көрінісі. Мұндай жақсы әдет-
ғұрыптар ел ішінде әлі де бар.
Ат майы. Мінер аты жоқ кедейлер бұрын байлар мен
ауқатты кісілерге немесе көрші-көлем, туған-туысқандарына
келіп, ат майын сұрайды. Яғни бір жаққа барып келуге немесе
бірер ай мініске ат сұрайды деген сөз. Мұның мағынасы – алыс
жолға мінген ат ариды, күйін жоғалтады. Ат сұраушы осыны
меңзеп отыр. Мұндай жағдайда әр адам сұраушының көңілін
қалдырмаған. Ат көлікті пайдаланған адам оның ақысын –
«ат майын» қайтарған. «Ат майын» сұрамайтын көмек түрі де
болған. Бұл да қазақтың қайырымдылық ғұрпының бір белгісі.
(«Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабынан)
56