Page 45 - ҚАЗАҚ ТІЛІ. 5-СЫНЫП. АТАМҰРА
P. 45
3-тапсырма. Қаратпа сөз бен қыстырма сөздердің жұмсалуы мен жа-
зылуына түсінік беріңдер.
4-тапсырма. Мәтінді оқыңдар. Мәтіннің негізгі идеясы не?
Қалың жауға талай жалғыз шапқан Мәті би батырды
білмейтін қазақ кемде-кем.
Мәті ұлы Тайланды Қаратаудың баурайын тырналап нан та-
уып, шатқалын аралап ет тауып, ел қатарына қосып еді.
Тері киіп, терсек төсеніп өскен намысқой жігіт: «Әке, менің
қатарым атқа мінді. Мен қайтем, қу даладан құлан ұстап жуа-
сытам ба?» – дегенінде: «Балам, жұрттан талай алғыс алып ем.
Сол алғысым сені жаяу тастар деймісің!» – депті.
Аңшы жігіт тағы аңды қуалап, таудан-тасқа ырғып-қарғып
жүргенде, етекте кетіп бара жатқан бір керуеннің көзіне ша-
лынады. Керуен басындағы шұбалған көк ала атты анадайдан
бұрылып кеп: «Жігітім, кім боласың?» – деп сұрайды.
Тайлан жөнін айтады. Сонда бейтаныс кісі атынан түсіп,
аңшы жігітке ұсынады. Тайлан мына суреттей атқа қызығып
тұрса да, намыстанып, оңай келген олжадан бас тартады. Ат иесі:
«Жігітім, тартынба, ал! Кісіге бақыт та, қасірет те осылай ойда
жоқта тап болады. Бақытыңнан бас тартып тұрғаныңды, жоқ,
қасіреттен бас тартып тұрғаныңды қайдан білесің? Меселімді
қайтарма. Жалғыз-ақ бұйымтайым, әкеңе сәлем айтып барсаң
болғаны, бар», – дейді. Сонда жігіт: «Әкеме кім сәлем айтты
деп барамын?» – деп сұраған екен. Анадайдан өзін тосып тұрған
керуенге жаяу аяңдап бара жатқан әлгі бейтаныс кісі: «Қызыл
тайынша!» – деп айқайлапты.
(Әбіш Кекілбайұлы)
5-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.
1. Кейіпкерлердің сөзін қалай түсінгендеріңді айтыңдар.
2.«Қызыл Тайынша» дегеннің кім екенін білгілерің келе
ме? Онда Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романының 258-бетін
оқыңдар.
6-тапсырма. Төмендегі мақал-мәтелдерді қатыстырып, мәтін жа зың-
дар.
Бас аман болса, бөрік табылады. Жамап киген киімнің де
буы болады. Кісінің кісілігі киімінде емес, білімінде. Орамал тон
болмаса да, жол болады.
43