Page 19 - Қос сөздердің құпиясы
P. 19
Айт-ұйт. Қос сөздің бұл түрі көбіне «жоқ» тәрізді сөздермен жиі тіркесте
қолданылады. Ал «айт-ұйт жоқ» дейтін болсақ «еш нәрсемен жұмысы жоқ»,
егер «айт-ұйтқа қарамастан» болып келсе, «ештеңеге көңіл бөлмей, алаң
болмай» деген мағынаны береді. Мысалы: «... айт-ұйтқа қарамай, бір күннің
ішінде кетіп отырды» (Қ. Сатыбадин. « Қараторғай»). «Айт-ұйт жоқ, алды да
жөнелді» (ел аузынан). Қос сөздің алғашқысы-«айт» сөзі өзіміздің күнде
қолданылып жүрген «айту» етістігінің бұйрық рай түрі. Ал екінші сыңары-
«ұйт» сөзінің өзіндік сыры бар. Іздестіре келгенде оның да мағынасын якут,
чуваш тілдерінен табамыз. Якуттарда-«ыйыт», чуваш тілінде-«ыйт» сөздері
қазақтардағы «сұрау, сұрап білу» ұғымында қолданылады. Аталған ұлт
тілдеріндегі «ыйыт» және «ыйт» сыңары қазақ тілінде «ұйт» болып
қалыптасып тек қана қос сөз құрамында сақталған. Енді осы «айт-ұйт жоқ»
тіркесіндегі «ұйт» орнына якут пен чуваш тілдеріндегі мағыналарын
қолдансақ: «айту-сұрау жоқ» болып шығады.
Айқай-сүрен. Мағынасы жағынан бұл қос сөз «айқай-шу», «у-шу»,
«даурыққан дауыс» дегенді білдіреді.
«Ат шулап аламанның айқасымен,
Ақ боран азан-қазан, айқай-сүрен»
(Қ. Бекқожин. «Дала қомиссары»).
Қазіргі қазақ тілімізде «сүрен» сөзі кейде «қосты, салды» сияқты
етістіктерімен тіркесте келгені болмаса (сүрен қосты, сүрен салды), өз
алдына, дербес қолданылмайды. Қырғыз тілінде «сүрөөн»-«ұран, көмекке
шақырған қатты айқай» ұғымын береді. Манжур тілінің дерегі бойынша
«сурэ» дыбыстық құрамдағы сөз біздің тіліміздегі «айқайлау, бақыру, ақыру»
сөздерінің орнына айтылады.
Кейбір түркі тілдерінің мәліметіне қарағанда «сүрен» сөзінің алғашқы
мағынасы басқаша болғандығын байқау қиын емес. Мысалы, телеуіт, сағай
тілдерінде «сүрен» немесе «сүре» сөздері «қорқыныш, зәресі ұшу» сияқты
ұғымдарды береді. Мұны еске алсақ біздің «сүрен» сөзінің «айқай» мағынасы
кейін пайда болғаны байқалады. Өйткені «айқайлау, бақыру» тәрізді дыбыс
шығару, қорқу, сескенулердің нәтижелердің нәтижесінен туады ғой.
Ырғалып-жырғалып. Аспай-саспай, жайлап, баппен деген сөздердің
орнына айтылады. «Баянауыл дуанының тоғыз баласы ырғалып-жырғалып,
Қараөткелге қарай аттанып жатты» (З. Ақышев. «Жаяу Мұса»).