Page 22 - Қос сөздердің құпиясы
P. 22
сөзінің жеке-дара қолданылатын кездері бар, бірақ мағына жағынан басқаша
ұғымға ие болады.
Орман іші тымықтау екен, бірақ қарағай басы шулап, ағаш сықырлап, бұтақ
сынып азан-қазан болғанда, үрей үстіне үрей қосады. «Азан-қазан» сөзінің
мағынасы – у-шу, айқай-ұйқай делінген «түсіндірме сөздікте». Қос сөздің екі
сыңары да жеке тұрып, дәл мағына бере алмайды. Азан сөзі де, қазан сөзі де
тілімізде жеке қолданылады. Бірақ «азан», «қазан» сөздерінің қос сөз
құрамындағы мағынасы басқа. «Азан» сөзі жеке тұрғанда діни ұғымды
білдіреді. Намаз шақыру алдындағы ерекше мақаммен дауыстау рәсімі.
Біздің ойымызша, азан-қазан қос сөзінің төркіні азан сөзімен тікелей
байланысты.
Ырың-жырың. Адамдар арасындағы араздық, талас-тартыс,ұрыс
мағыналарын осы қос сөз береді. «Олар таңертеңгілік ұрсысып,кешкілік
төбелесіп, не адамша ажыраспай, не тыныш өмір сүрмей, ырың-жырың күн
кешіп жатты» (М.Мағауин. «Қиянда»).
Қазақ, қырғыз тілдерінде бұл қос сөз жеке мағына
меншіктенбегендіктен дербес айтылмайды. Алайда, қос сөз ішінде
сақталуына қарағанда өткен ғасырларда біздің тілімізде де жеке дара
қолданылған деген жорамал жасауға болады. Бұл ойымызды қазіргі кезде
кейбір түркі тілдерінің сөздік қорында сақталынып келген сөздер дәлелдейді.
Ең әуелі қос сөздің бірінші сыңары «ырың» тіркесін қарастыра
келгенде, хакас тіліндегі «ыыр» тіркесінің біздің түсінігіміздегі «жаулық,
өшпенділік, қастық» дегендерді білдіретінін көреміз. Бұл, сөз жоқ, «ырың»
сөзінің түбірі. Сонымен бұл қос сөз қазақша қастасу-өштесу деген мағынаны
білдіреді.
Ымы-жымы. Қулық-сұмдықты, айла-тәсілді, білдіретін қос сөз. «Бұл
екеуінің ымы жымын әзір тірі пенде сезген емес» (З.Ақышев «Жаяу Мұса»).
Қос сөздің алғашқы мағынасы болатын ұғымды түркі тілдерінде
якуттардан табамыз. Оларда «йэм»-келісім, «джаам»-қатынас мағынасын
білдіреді. Якут тілінде осы екі сөзден жасалған қос сөз «йэм-джаам» келісім,
қарым-қатынас мағынасына ие болады. Осыларды ескерсек, «ымы-жымы»
қос сөзінің алғашқы мағынасы «қатынас-келісім» ұғымын береді.