Page 25 - Қос сөздердің құпиясы
P. 25
жорамал жасайтын болсақ , «ауық-ауық» -«уақыт-уақыт» мағынасына тура
келеді.
Олпы-солпы. Бұл қос сөз ықшамсыз, жинақы емес, қалай болса солай
мағынасында қолданылады. «...Үстіңдегі киімің нашар әрі олпы-солпы,-деді
Бексейіт» (М. Мағауин. «Бір ата»).
«Солпы» сөзі осы мағынасына жақын қалыпта жекеше тек қазақ тілінде
ғана емес, қырғыз («сөлпу»), түркі («салпа») тілдерінде де жиі айтылады. Қос
сөздің бірінші сыңары біздің тілімізде жеке мағына бере алмайды. Бірақ якут
тілінде қазақ тіліндегі «әлсіз, бос» мағынасындағы сөздер орнына «хөлку»
тіркесі қолданылатынын көреміз. Сондықтан бұл сөздің ерте кезден-ақ түркі
тілдеріне ортақ болып келгені, тілімізде қос сөз құрамына кіріп қалыптасу
барысында сәл-кем өзгеріске ұшырағаны байқалады («хөлку −(х)олку-олпу-
олпы»). Олай болса, «олпы-солпымыз» бір ұғымның қайталануы деп білеміз.
Оның мағынасы «бос-әлсіз» сөзіне жақындайды.
Пәлен-пәштуан. Түсіндірме сөдікте бұл қос сөздің мағынасын «анау-мынау,
өйтіп-бүйтіп» деген анықтама берілген. «Ұрды-соқты, пәлен-пәштуан,
милицияға көрінем деп жатпаса?» (М. Сүндетов, «Ескексіз қайық»).
Қос сөздің алғашқы сыңары тілімізде өз алдына қолданылғанымен мағынасы
«пәлен-пәштуан» сөзіне жанаспайды. Бұл сөздің екеуі де түркі тілдеріне
араб, парсы тілдерінен ертеректе ауысып, әсіресе қазақ,қырғыз тілдеріне төл
сөзінде сіңіп, қалыптасып кеткен. Бұлардың қайсысы араб, қайсысы парсы
тілдерінен екенін айырып-ажырату қиын. Мысалы, арабша: «фулаи»-сондай
бір мағынада, парсы тілінде: «фэлин»және «фэлаи» сөздері біріншіден-
«әлдекім, бір адам»,Екіншіден- «белгісіз адам» ұғымдарында қолданылады.
Осыған қарағанда, «пәлен» сөзі бұл тілдерге әуелден ортақ болған немесе
бір-бірінен ауысып келген деуге болады.
Қос сөздің екінші сыңарымен үндес әрі мағынасы жағынан жақын келетін
сөзді қырғыз тілінен табамыз. Онда: «бастан» болып дыбысталып, «сондай,
сондай бір» ұғымын береді. Мұның да түп төркіні- парсы тілі.
Қорыта айтқанда, пәлен-пәштуан» қос сөзінің қай сыңары болмасын
төркіні араб, парсы тілдері болып шығады, оны қос сөз қалпында қолдансақ
«сондай да сондай» деген мағынаны береді.